Түнгі бақылау: елордадағы бейнебақылау камералары есірткі сақтау фактісін әшкереледі

Түнгі бақылау: елордадағы бейнебақылау камералары есірткі сақтау фактісін әшкереледі

Астанада бейнебақылау жүйесінің арқасында тағы бір заңсыз есірткі сақтау дерегі анықталды.
Түннің ортасында Жедел басқару орталығының операторлары көпірмен келе жатқан жас жігітті байқап, оның қылығы күдік тудырған. Ақпарат бірден жақын маңдағы патрульдік жасаққа жолданды.
Оқиға орнына келген полицейлер жігіттің жеке басын анықтады. Ол – елордада тұратын 19 жастағы азамат, автожуу орнындағы ауысымнан қайтып келе жатқан. Тексеру барысында оның жанынан жасыл түсті, өзіндік иісі бар зат салынған түйіншек табылды. Сараптамаға сәйкес, бұл – гашиш. Жас жігіт есірткі сақтағаны үшін жауапкершілікке тартылды.
Полиция еске салады: елордада есірткі қылмыстарына қарсы 30 күндік кешенді шаралар аясында заңсыз айналым деректерін анықтау және жолын кесу бойынша күшейтілген жұмыс жүргізілуде. Есірткі сақтағаны үшін қатаң жауапкершілік қарастырылғанын ескертеміз.
Күмәнді жағдайлар мен есірткіге қатысты фактілер туралы 102 нөміріне хабарлауға болады.