Астанада прокуратураның үйлестіруімен жүзеге асырылып жатқан 30 күндік нашақорлыққа қарсы іс-шаралар кешені аясында полицейлер есірткі таратумен қатар, оны өз үйінде өсірген 30 жастағы тұрғынның заңға қайшы әрекетін әшкереледі.
Жедел іс-шара барысында тәртіп сақшылары ер адамның жеке үйіндегі бір бөлмені марихуана өсіруге арналған шағын жылыжайға айналдырғанын анықтады. Полицейлер 15 түп тыйым салынған өсімдік пен оны өсіруге қажетті жабдықтарды тәркіледі. Белгілі болғандай, ол арнайы шамдар орнатып, желдеткіш жүйесін жасап, оңтайлы температураны ұстап отырған.
Бұдан бөлек, күдікті синтетикалық есірткі сатуымен де айналысқан. Оны полиция көліктер тұрағында «есірткі таратып» орналастырып жүрген сәтінде қолға түсірді. Үйін, автокөлігін және қалтасын тінту кезінде тәртіп сақшылары 40-тан астам «Альфа PVP» есірткі заты салынған түйіншек тапты.
Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.
Полиция еске салады: құрамында есірткі заты бар өсімдіктерді өсіру, сондай-ақ оларды сату қатаң қылмыстық жауапкершілікке әкеледі. Құқық қорғаушылар азаматтарды кез келген заңсыз есірткі айналымы туралы 102 нөміріне хабарлауға шақырады.