Өткен түні Қарағандыдан Астанаға кіреберістегі «Күйгенжар» блок-бекетінде көлік тоқтатылды. Қызметтік «Корона» атты иттің қатысуымен тексеру барысында тыйым салынған заттардың бар екендігін көрсететін белгілер анықталды.
Тексеру кезінде жүргізушінің шұлығынан оралған түйіншек табылып, оның ішінен есірткі заты шықты. Алдын ала деректерге сәйкес, тәркіленген зат синтетикалық есірткі — альфа-PVP екені анықталды.
Бұдан бөлек, жүргізушінің есірткілік масаң күйде болғаны белгілі болды. Күдікті қамауға алынды. Аталған дерек бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.
Жыл басынан бері елордада қызметтік иттердің көмегімен шамамен 170 құқық бұзушылықтың жолы кесілді, оның ішінде 30-ға жуығы есірткіге қатысты деректер.
Бельгиялық овчарка Корона туған күнінен бастап құқықтық тәртіпті қорғау қызметінде жүр және бірнеше рет қылмыстарды ашуға көмектескен.
Полиция еске салады: есірткі заттарын заңсыз сақтау, тасымалдау және сату қылмыстық жауапкершілікке әкеледі. Егер сізге мұндай деректер белгілі болса — дереу 102 нөміріне хабарласыңыз.