Астана қаласында 15-30 қыркүйек аралығында жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды.
Шара барысында полиция қызметкерлері жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алуға ерекше көңіл бөледі. Әсіресе жылдамдықты асырмау, мас күйінде көлік басқармау, балалардың қауіпсіздігін сақтау және көлік құралдарын техникалық ақаусыз күйде пайдалану талаптарын сақтау мәселелеріне назар аударылады.
Жаңа оқу жылының басталуына байланысты мектеп оқушыларының жолдағы қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінуде. Полицейлер білім беру мекемелерінің маңында патрульдік қадағалауды күшейтіп, жаяу жүргінші өткелдерінде балалардың жолды қауіпсіз кесіп өтуін бақылауда ұстайды. Жүргізушілерге мектептер мен балабақшалар жанында барынша сақ болу, жылдамдықты азайту және балаларға жол беру қажеттігі ескертіледі.
Сонымен қатар, жаяу жүргіншілердің, соның ішінде оқушылардың жолды тек арнайы өткелдерден өтуі түсіндірілуде.
Астана қаласы Полиция департаменті барлық жол қозғалысына қатысушыларды тәртіп сақтауға, жолда мұқият болуға және балалардың қауіпсіздігін басты назарда ұстауға шақырады.