«Қылмысты тоқтату» жедел алдын алу іс-шарасы аясында Астана қаласының полиция қызметкерлері пәтер иелері кооперативінен түскен бірнеше шағым бойынша көпқабатты тұрғын үйлердің подъездерінен су есептегіш құралдарын жасырын ұрлаған күдіктіні анықтап, ұстады.
Тергеу барысында 44 жастағы ер адамның тұрғын үйлердің кіреберістеріне еркін кіру арқылы жалпы саны 70 дана су есептегіш құралын ұрлап кеткені анықталды.
Күдікті бейнебақылау камералары арқылы әшкереленді. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция оның жеке басын анықтады.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде, сондай-ақ күдіктінің бұрын жасалған басқа да ұрлық деректеріне қатысы бар-жоғы анықталуда.
Астана қаласының Полиция департаменті азаматтарды сақ болуға, кіреберістердің есіктерін жабық ұстауға, бейнебақылау жүйелерінің дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз етуге шақырады. Қылмысқа қатысты кез келген күмәнді әрекеттер байқалған жағдайда дереу «102» нөміріне хабарласу қажеттігі еске салынады.