Елордада есірткі қылмысына қарсы іс-қимылға арналған айлық аясында Астана қаласы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қуаныш Орынбетовтың төрағалығымен кеңес өтті. Жиынға қалалық прокуратура мен әкімдік өкілдері қатысты.
Кеңес барысында бірлескен жұмыстың негізгі бағыттары айқындалып, есірткі қылмыстарын анықтау мен жолын кесуге бағытталған шараларды одан әрі күшейту жөнінде шешімдер қабылданды. Сондай-ақ, профилактика мәселесіне, соның ішінде халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына ерекше назар аударылды.
Профилактикалық іс-шаралардың барлық санаттағы азаматтарды қамтитыны және аудандық полиция басқармаларының белсенді қатысуымен, сондай-ақ полиция, прокуратура және әкімдік қызметкерлерінен құралған жұмыс тобының үйлесімді әрекеттестігі негізінде жүзеге асырылатыны атап өтілді.
Кеңес барысында есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес шараларының тиімділігін арттыру және халық арасында есірткі тұтынуға деген тұрақты теріс көзқарас қалыптастыру үшін мемлекеттік органдардың жүйелі тәсілі мен тұрақты өзара іс-қимылының маңыздылығы қозғалды.
Жиын соңында айлық аясында алдағы кезеңге арналған нақты міндеттер мен басымдықтар белгіленді.