«Таза Қазақстан» акциясы аясында 62 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды

«Таза Қазақстан» акциясы аясында 62 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылғандай, өткен жылдан бері елімізде «Таза Қазақстан» жобасы жүзеге асырылып келеді. Бұл бастама миллиондаған жанашыр азаматтарды біріктіруде. Президент атап өткендей, осындай белсенді жұмыс жалғасса, Қазақстан шын мәнінде жасыл елге айналып, болашақ ұрпаққа үлгі әрі қастерлі мұра болады.
Аталған акция аясында Астана қалалық Полиция департаментінің қызметкерлері қоғамдық тәртіп пен экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге белсене ат салысуда. Қаланың аумағында жүргізілген рейдтік іс-шаралардың нәтижесінде 62 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды.
Тәртіп сақшылары күн сайын рұқсат етілмеген жерлерде қоқыс тастау орындарында рейдтік іс-шаралар өткізіп, қоқыс пен кәріз суларын белгіленбеген жерлерге төгетін адамдарды анықтау жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуде. Акция басталғаннан бері 665-ке жуық жүк көлігі мен ассенизатор көлігінің жүргізушілері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Мәселен, Бұқар жырау көшесінде құрылыс ауданына іргелес аумақты уақытылы тазаламағаны және қоқыс үйіндісі жасағаны үшін құрылыс компаниясының иесі жауапкершілікке тартылды.
Полиция департаменті елордалықтарды табиғатты қорғауға, санитарлық талаптарды сақтауға және қаламыздың экологиялық мәдениетін арттыруға үлес қосуға шақырады.