Елорда полицейлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 49 жастағы, ұзақ уақыттан бері Астанада тұрып келе жатқан, Қазақстанда ықтиярхаты бар азаматын анықтады. Ер адам қаланың коммуналдық қызметтерінің бірінде жұмыс істеген.
Жүргізілген тінту барысында 80-нен астам ұнтақ тәрізді зат салынған түйіншек тәркіленді. Атап айтқанда, барсеткасынан – 40 түйіншек, автокөлігінен – 8 түйіншек, ал тұрғылықты жерінен – 35 түйіншек табылды. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат жалпы салмағы 80 грамнан асатын синтетикалық есірткі – мефедрон болып шықты.
Сонымен қатар, пәтерінен заңсыз әрекетке пайдаланылған электронды таразылар, зип-пакеттер және мобильді телефон табылды.
Күдіктіге қатысты есірткі құралдарын сақтау және сату фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ ол оларды қолданғаны үшін де жауапкершілікке тартылып, қамауға алынды.
Полиция есірткі заттарының заңсыз айналымы – қатаң қылмыс екенін және ол үшін ауыр қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салады. Елорда полицейлері азаматтарды тыйым салынған заттарды тарату деректері туралы дереу 102 нөміріне хабарлауға шақырады.