Көмек қолы: полицейлер ер адамның өмірін құтқарды

Көмек қолы: полицейлер ер адамның өмірін құтқарды

Учаскелік полиция инспекторларының жедел әрі үйлесімді әрекеттерінің арқасында елордадағы 35 жастағы тұрғынның өмірі аман қалды.
Куәгерлер «102» пультіне хабарласып, сегізінші қабаттағы балконда ер адамның жартылай асылып тұрғанын, өз-өзіне қол салмақ ниеті бар екенін жеткізген.
Оқиға орнына дереу учаскелік инспекторлар – полиция аға лейтенанты Сымбат Базаров пен лейтенант Шыңғыс Исламжанов келді. Жағдайды бағамдаған олар ер адамды өлімге бастайтын қадамнан айныту үшін әңгімеге тартты.
Сәтті сәтте Сымбат Базаров батылдық танытып, ер адамды ұстап қалып, балконнан қауіпсіз жерге шығарып алды.
Зардап шеккен азаматқа дереу медициналық және психологиялық көмек көрсетілді. Қазір оның өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.
Бұл оқиға тағы да бейжай қарамаудың, кәсібилік пен адами жанашырлықтың қаншалықты маңызды екенін дәлелдеді. Кейде бір ғана созылған көмек қолы бүтін бір өмірді құтқарып қалады.