Елордалық полиция департаментінде Конституция күніне арналған салтанатты іс-шара өтті

Елордалық полиция департаментінде Конституция күніне арналған салтанатты іс-шара өтті

Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығы қарсаңында Астана қаласы Полиция департаментінде салтанатты іс-шара ұйымдастырылды.
Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Марат Төлебаев жеке құрамды мемлекеттік мерекемен құттықтап, тұрақтылықты, тәртіп пен заңның үстемдігін қамтамасыз етудегі Конституцияның айрықша рөлін атап өтті.
«Қазақстан Республикасының Конституциясы 30 жыл бойы мемлекетіміздің берік іргетасы және азаматтардың құқықтарының сенімді кепілі болып келеді. Заң мен тәртіп бар жерде әрқашан халықтың мемлекеттік институттарға деген сенімі мен құрметі болады. Осы маңызды міндетті полиция қызметкерлері күн сайын атқарып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, елорда тұрғындары мен қонақтарының тыныштығын қорғап жүр», – деді Марат Төлебаев.
Іс-шара барысында үздік қызметкерлер ведомстволық наградалармен марапатталды. Олардың қатарында «Құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалі, «Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгісі, сондай-ақ ІІМ грамоталары, Алғыс хаттар және бағалы сыйлықтар бар.
Сондай-ақ шараға қатысқан ішкі істер органдарының ардагерлеріне ерекше алғыс сөздер айтылды. Құқықтық тәртіп жүйесін дамытуға және жас буынды тәрбиелеуге қосқан үлестері ерекше атап өтілді.