Елорда полицейлері 40 жастағы ер азаматты есірткі сақтап, сатуды ұйымдастырды деген күдікпен ұстады.
Сатушы көпқабатты үйдің ауласында қолға түсті. Жеке тінту барысында оның қалтасынан өсімдік тектес зат салынған 4 орама табылып, тәркіленді. Кейін күдікті тұрған пәтерді тінту кезінде балконнан осындай зат салынған тағы 90 пакет алынды.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері заңсыз айналымнан «гашиш» есірткі затын тәркіледі. Сараптама қорытындысына сәйкес, оның жалпы салмағы шамамен 1 келіні құрады.
Анықталғандай, ер адам есірткі салынған пакеттерді «тайник» орындарынан алып, ұсақ дозаға бөліп, қолма-қол сатып отырған. Кезекті рет осындай әрекет жасау кезінде оны жедел уәкілдер ұстады.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс тіркелді. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жүргізілуде.
Астана қаласы Полиция департаменті есірткі сату – ауыр қылмыс екенін ескертеді. Ол үшін 10 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.