Елордада жүрген заңсыз шетелдік ұсталды

Елордада жүрген заңсыз шетелдік ұсталды

Түнгі уақытта Акмешіт пен Алматы көшелерінің қиылысында полицейлердің назарын «Mercedes» маркалы автокөліктің жүргізушісі аударды. Патрульдік машинаны көрген ол күрт аулаға бұрылып, жасырынуға тырысқан.
Алайда жолындағы шлагбаумды тоқтамай қағып өтіп, кейін бірден екі тұрақта тұрған көлікке соғылды. Соққының салдарынан олардың бірі тағы бір көлікті іліп кеткен. Жауапкершіліктен қашу әрекеті мұнымен де тоқтамады: ер адам көлігін тастап, жаяу қашпақ болды. Дегенмен оны полицейлер дереу ұстады.
Тексеру барысында жүргізушінің елде заңсыз жүрген шетелдік екені анықталды. Сонымен қатар бірқатар құқық бұзушылықтар белгілі болды: жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлерімен көлік жүргізу; тұруға тиісті рұқсаты жоқ бола тұра заңсыз такси қызметін көрсету; сақтандыру полисі жоқ автокөлікті басқару. Бұл көлікті оған танысы берген болып шықты, ол да тиісті құжаттары жоқ адамға рульді тапсырғаны үшін жауапқа тартылады. Бұдан бөлек, «Mercedes» көлігіндегі нөмірлер мүлде басқа көлікке тиесілі екені және оларды оның өзі бөтен көліктен шешіп алғаны анықталды.
Сот шешімімен құқық бұзушы үш тәулікке әкімшілік қамауға алынып, көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін де жауапкершілікке тартылды.
Полиция ескертеді: мұндай әрекеттер жолдағы қауіпсіздікке тікелей қатер төндіреді. Заңды өрескел бұзғандарға, әсіресе оны әдейі елемейтіндерге қатаң шаралар қолданылады. Жауапсыз жүргізу, жалған деректерді пайдалану және полициядан қашу тек ауыр жауапкершілікке әкеліп қана қоймай, айналадағы адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді.