Қытайдағы 2025 жылғы Дүниежүзілік ойындарында Астаналық полицей «күміс» жүлдегер атанды

Қытайдағы 2025 жылғы Дүниежүзілік ойындарында Астаналық полицей «күміс» жүлдегер атанды

Қытайдың Чэнду қаласында өткен Дүниежүзілік ойындарда Қазақстан құрамасы тамаша өнер көрсетіп, жоғары дайындық деңгейін паш етті. Самбо Жекпе-жегі бойынша сынға түскен ұлттық құрамамыз шамамен 40 мемлекетті артқа тастап, жалпы командалық есепте 2-орынды иеленді.

Ұлттық құрамада күміс жүлдені полиция аға лейтенанты Танирберген Тергеубеков жеңіп алды. 24 жастағы спорт шебері самбо жекпе-жегімен  жеті жылға жуық уақыт айналысып келеді. Ол бұған дейін Әлем кубогында, ІІМ жарыстарында топ жарып, сондай-ақ қазақша күрестен де белсенді түрде өнер көрсетіп жүр.

«Қазақстан атынан халықаралық аренада өнер көрсету – үлкен мәртебе. Жарыстарда бар күшімді салдым, бұл тек жүлде үшін ғана емес, ел намысы үшін күрес. Команданың жеңісіне үлес қосқаныма қуаныштымын», – деді Танирберген Тергеубеков.

Ол ішкі істер органдарында 2023 жылдан бері қызмет етеді. Оның халықаралық спорттық аренадағы жетістігі – полицейлердің құқықтық тәртіпті қамтамасыз етіп қана қоймай, еліміздің абыройын асқақтататынын көрсететін жарқын үлгі.