Астанада биылғы жылдың басынан бері балалардың пәтер терезесінен құлап кетуінің 59 жағдайы тіркеліп, соның 16-сы қайғылы аяқталды.
Осыған байланысты елорда полициясы қайғылы оқиғалар мен бала жарақаттануының алдын алу мақсатында халықпен түсіндіру және профилактикалық жұмыстарды тұрақты түрде жүргізіп келеді.
Мемлекеттік органдармен бірлесіп, көпқабатты үйлерді аралау, халық көп жиналатын орындарда — саябақтарда, сауда-ойын-сауық орталықтарында және басқа да қоғамдық кеңістіктерде — тұрғындармен әңгімелесу, жадынамалар, буклеттер мен парақшалар тарату ұйымдастырылуда. Жыл басынан бері осындай 100-ден астам іс-шара өткізілді.
Күн сайын учаскелік инспекторлар ақпараттық жадынамаларды көпқабатты үйлердің ортақ чаттарына жіберіп, сондай-ақ ата-аналар мен мектеп чаттарына профилактикалық ескертпелер орналастырады. Бұдан бөлек, терезеден құлаудың алдын алу шаралары туралы ақпарат жазылған жадынамалар тұрғын үйлердің кіреберістеріне, емханалар мен балалар мекемелеріне ілінеді.
Елорда полициясы ата-аналарды балаларды қадағалауға және терезеден құлаудың алдын алатын техникалық құралдарды орнатуға шақырады. Бір сәтке ғана сыртқа шықсаңыз да, терезенің жабық екеніне көз жеткізіңіз. Терезе құлыптарын орнатыңыз, москит торларын бекітіңіз, балалардың ашық терезе қасында ойнауына жол бермеңіз. Қарапайым қауіпсіздік шаралары, ересектердің қырағылығы мен жауапкершілігі баланың өмірі мен денсаулығын сақтап қалуға мүмкіндік береді.