Елордада депутаттар мен полиция қызметкерлері есірткіге қарсы күреске бірге шықты

Елордада депутаттар мен полиция қызметкерлері есірткіге қарсы күреске бірге шықты

Астана қаласының мәслихат депутаттары елордада нашақорлық пен лудоманияның алдын алу бағытында мемлекеттік органдар тарапынан атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Іс-шара Астана қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастамасымен «Заң және тәртіп» қағидатын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылды.

Депутаттар құқық қорғау және медициналық мекемелердің бірқатар нысандарын аралады. Маршрут үш пункттен тұрды. Алғашқы нысан – Қарағанды тас жолы бойындағы «Күйгенжар» бекеті болды. Мұнда полиция қызметкерлері көліктерді тексеру тәртібін және кинологиялық қызметтің жұмысын көрсетті.

– Сапардың негізгі мақсаты – елордаға есірткі заттарының тасымалын тоқтату бағытында құқық қорғау органдарының жұмысымен танысу.

Келесі аялдама – қалалық саябақта орналасқан амфитеатр болды. Мұнда халық қалаулылары «Астана жастары» еріктілерімен бірге есірткі жарнамасы бейнеленген жазуларды бояп, жойды.

Сапардың соңғы нүктесі Психикалық денсаулық орталығы болды. Мұнда дәрігерлер орталықтың нашақорлық бойынша алдын алу жұмыстарымен таныстырып, биологиялық сұйықтықтан психобелсенді заттарды анықтайтын арнайы құрылғылармен жабдықталған химия-токсикологиялық зертхананы көрсетті.