«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында елордалық полицейлер рейдтік іс-шаралар жүргізу барысында санитариялық нормаларды өрескел бұзу фактісін анықтады.
Ассенизатор көлігінің жүргізушісі кәріз және шаруашылық-тұрмыстық қалдықтарды белгіленбеген жерге заңсыз төгу бойынша 38 рет заң бұзғаны белгілі болды. Аталған құқық бұзушылық бойынша жүргізушіге қатысты елді мекендерді абаттандыру ережелерін, сондай-ақ көлік құралын пайдалану ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік хаттамалар толтырылды. Көлік құралы коммуналдық тұраққа қойылды.
«Таза Қазақстан» акциясы басталғалы елордада 56 мыңнан астам құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың ішінде шамамен 650-і жүк және ассенизатор көліктерінің жүргізушілері.
Полиция қала аумағын абаттандыру, ластау, рұқсатсыз қоқыс төгу мен ағын суларды заңсыз ағызу фактілерін анықтау бойынша күшейтілген рейдтерін жалғастыруда.
Полиция тұрғындарға санитариялық нормалар мен абаттандыру, экологиялық қауіпсіздік ережелерін сақтамау әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді. Мұндай құқықбұзушылықтар қоршаған ортаны ластап қана қоймай, халықтың денсаулығына және қаланың санитарлық жағдайына кері әсерін тигізеді.
Елорда полицейлері: барлық заң бұзушылықтар анықталып, жолы кесіледі, – деп қатаң ескертеді.