Үздік елордалық мерген полицейлер республикалық жарыста жеңіспен оралды!

Үздік елордалық мерген полицейлер республикалық жарыста жеңіспен оралды!

Жамбыл облысында тәжірибелік ату бойынша өткен республикалық жарыста Астана қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері тамаша нәтиже көрсетіп, жоғары марапаттарға ие болды.

Атыс сайысы Қазақстанның тәжірибелік ату федерациясы (IPSC) ұйымдастырған «СҰҢҚАР» ату алаңында өтті. Бұл додада елдің түкпір-түкпірінен келген 30-дан астам команда бақ сынады. Сайысқа «тапанша» атудан мергендік пен шапшаңдық сынға түсті. Жарыстың басты мақсаты – құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіби даярлығы мен атыс шеберлігін арттыру, тәжірибе алмасу және салауатты өмір салтын насихаттау.

Астана қаласы Полиция департаментінің Оқу-жаттығу ротасы мен Жылдам қимылдайтын арнайы жасағының инспекторлары жарыс барысында шеберліктерін паш етіп, үздіктер қатарынан көрінді.

Командалық есеп бойынша:

  • «Classic» санатында елордалық «АСТАНА ДП ДИНАМО» командасы жүлделі ІІ орынды иеленді;
  • «Standard» санатында «АСТАНА ДП» командасы І орынды жеңіп алды.

Жеке нәтижелер:

  • «Classic» санатында Жылдам қимылдайтын арнайы жасағының аға инспекторы Дархан Жексембинов жеке есепте ІІІ орын иеленді;
  • «Standard» санатында Оқу-жаттығу ротасының взвод командирі Дидар Нұрпеисов ІІ орынға, ал инспектор Берік Мұқанбетов та ІІ орынға ие болды.

Жеңіске жеткен полицейлер – күнделікті қызметінде тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етіп қана қоймай, физикалық және психологиялық дайындықтарын үздіксіз жетілдіріп жүрген қызметкерлер. Олар бұл жетістігімен елордалық Полиция департаментінің абыройын тағы да арттырды.

Астана қаласы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Марат Төлебаев әріптестерін құттықтап, олардың кәсібилігі мен жанкештілігін, абыройлы көрсеткішін атап өтті.

Бұл жетістік Астаналық полиция қызметкерлерінің кәсіби және атыс дайындығының жоғары деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді.