Республика даңғылы бойында патрульдік қызмет барысында елордалық патрульдік полиция қызметкерлері Hyundai маркалы көлікті тоқтатты. Анықталғандай, көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірі жартылай жабылған — жүргізуші нөмірдегі әріптердің бірін қағазбен жапқан.
Осылайша ер адам жол ережелерін бұзғаны үшін автоматты тіркеуден жалтармақ және ақылы автотұрақтарда төлем жасамау ниетінде болған.
Мемлекеттік нөмірлік белгіні әдейі бұрмалау немесе жартылай жасыру — жалған нөмірлік белгіні қолданумен тең деп танылады және әкімшілік жауапкершілікке әкеледі.
Астана қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының шешімімен жүргізуші бір жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылып, екі тәулікке қамауға алынды. Автокөлік арнайы коммуналдық тұраққа қойылды.
Елорда полициясы ескертеді: нөмірлік белгіні жасыруға, өзгертуге немесе бұрмалауға бағытталған кез келген әрекет заң бұзушылық болып табылады. Мұндай фактілер міндетті түрде тіркеліп, кінәлілер жауапқа тартылады.