Астананың үздік полицейлері пәтер және медальдармен марапатталды

Астананың үздік полицейлері пәтер және медальдармен марапатталды

Астана қаласы Полиция департаментінде Қазақстан полициясының құрылғанына 33 жыл толуына арналған салтанатты іс-шара өтті. Шараның құрметті қонақтары қатарында қала әкімі Жеңіс Қасымбек, ішкі істер органдарының ардагерлері, мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғам және БАҚ өкілдері болды. Салтанатты жиынды ашқан қала әкімі полиция қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, адал қызметі, ерлігі мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін алғыс білдірді. 20 қызметкерге жаңа пәтерлердің кілті табысталды. Сонымен қатар Полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев та әріптестерін құттықтап, олардың адал еңбегіне ризашылығын білдірді. Дәстүрге сай, қызметтік міндетін адал атқарғандар және жұмысындағы жоғары жетістіктері үшін Ішкі істер министрінің және Астана қаласы ПД бастығының бұйрығымен қызметте ерекше көзге түскен қызметкерлерге мерзімінен бұрын шендер, медальдар, грамоталар мен алғысхаттар табысталды. Сонымен бірге кәсіби мереке қарсаңында БАҚ өкілдері де назардан тыс қалмай, қалалық полиция басшысы олардың да еңбегін атап өтіп, ынтымақтастық үшін алғыс айтып, марапаттады. Салтанатты шара соңында эстрада әншілерінің қатысуымен мерекелік концерт ұйымдастырылды. Бұл күн – тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында күн сайын қызмет ететін жандардың маңызды әрі жауапты миссиясын тағы бір еске салды.