Елорда полицейлері есірткіге қарсы халықаралық күнді атап өтті

Елорда полицейлері есірткіге қарсы халықаралық күнді атап өтті

Бүгін, 26 маусымда, Астана қаласы Полиция департаменті нашақорлық пен есірткінің заңсыз айналымына қарсы халықаралық күрес күнін атап өтуде.
Бұл күн қоғамның назарын нашақорлықтың жаһандық мәселесіне, оның салдарларына және еңсеруге бағытталған шараларға аударуға арналған. Есірткіге тәуелділік пен олардың заңсыз айналымы дүние жүзіндегі миллиондаған адамның денсаулығы мен әл-ауқатына кері әсерін тигізуде.
«Астана – есірткісіз қала» акциясы аясында тәртіп сақшылары бұл күресте бірлескен күш-жігердің маңыздылығын еске салды. Іс-шараға полицияға қолдау көрсеткен әкімдік өкілдері, блогерлер, «Астана жастары» волонтерлері, қоғамдық ұйымдар және басқа да мүдделі тараптар қатысты.
Ауқымды профилактикалық акция нашақорлықтың алдын алу және есірткіге тәуелді азаматтар санын азайту мақсатында ұйымдастырылды. Шараға 2 мыңға жуық қонақ қатысты.
Статистикалық деректерге сәйкес, ағымдағы жылдың басынан бері ҚР ҚК-нің 299-1-бабы бойынша 8 қылмыстық іс қозғалды, 380 есірткі сайттарының мекенжайы бұғаттауға жолданды, 180 есірткі граффитилері анықталды. Сонымен қатар, ҚР ҚК-нің 296-2-бабы бойынша 256, ал 296-3-бабы бойынша 80 құқық бұзушылық фактісі тіркелген.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы басқа да мүдделі органдармен бірлесе отырып, алдын алу мақсатында 295 іс-шара өткізді. Оның ішінде: 16 акция, 26 семинар, 167 дәріс, 8 дөңгелек үстел, 31 кездесу, 15 спорттық іс-шара және 32 өзге де шаралар бар.
«Астана – есірткісіз қала» акциясы салауатты өмір салтын насихаттауға және жастарды спортқа тартуға бағытталған. Бұл шаралар халықты есірткі мәселесі туралы ақпараттандыру арқылы қауіпсіз әрі дені сау қоғам қалыптастыруды көздейді.