24 маусым күні «Бейбіт күннің батырлары» атты іс-шара өтіп, бейбіт уақытта ерлік көрсеткен тәртіп сақшыларына құрмет білдірілді. Таңертең еліміздің барлық өңірлік Полиция департаменттерінде қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан қызметкерлердің ескерткіштері мен обелискілеріне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.
Бүгінде Қазақстанда қызметтік міндетін атқару барысында өмірін қиған ішкі істер органдарының 800-ден астам қызметкері бар.
Астана қаласында тәртіп сақшылары әріптестері Жанайдар Жирентаев пен Абдиғаппар Дильмановты еске алды. Олардың есімдері «Алматы» аудандық Полиция басқармасының ғимаратында орнатылған мемориалдық тақтада мәңгілікке жазылған. Сонымен қатар, елордада олардың есімдерімен аталған көшелер де бар. Бұл — тәртіп сақшыларының ерлігіне тағзымның тағы бір белгісі.
Қылмыстық іздестіру бөлімінің жедел уәкілі Жанайдар Жирентаев 1994 жылы қаза тапты. Ол 33 жасында қарулы қылмыскерлердің оғынан бейбіт адамдарды қорғай отырып, оққа ұшты. Дәл осынлай жанқиярлығы үшін ол қайтыс болғаннан кейін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
«Алматы» аудандық полиция басқармасының әкімшілік полиция инспекторы Абдиғаппар Дильманов 2001 жылы мал ұрлығына қатысы бар күдіктілерді ұстау кезінде ерлікпен қаза тапты.
Қазақстанның барлық өңірінде полиция қызметкерлері қаза тапқан әріптестерінің рухына тағзым етті. Әр облыста бейбіт күннің батырларына арнап орнатылған ескерткіштер мен обелискілерде олардың есімдері қашалып жазылған. Бұл – еліміздің құқықтық тәртібін қамтамасыз ету жолындағы адал қызмет пен жанқиярлықтың символы.