2025 жылғы 12 маусым күні тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және құқық бұзушылармен жұмысты жетілдіру мақсатында агрессорларға міндетті психокоррекциялық бағдарламаларды (ресоциализациялау) енгізу қажеттілігі бойынша кеңейтілген жұмыс отырысы өтті.
Жиынды ашқан Астана қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Э.Н.Данияров кездесуге қатысқан барлық тараптарға алғыс білдіре отырып, күн тәртібіндегі басты мәселені атап өтті. — Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 54-бабы 2-бөлігінің 2-1-тармағы және Қылмыстық кодекстің 98-3-бабы аясында агрессорларға психологиялық көмек көрсету шараларын қолдану тәжірибесін талқылау.
Бүгінде отбасылық жанжалдар бойынша келіп түсетін қоңыраулар саны артуда. Бұл — тұрмыстық құқықбұзушыларға қатысты заңнамалық нормалардың толыққанды ақпараттық жұмысты жүйелеу қажет.
Отырыста Қылмыстық істер бойынша ауданаралық соттың төрағасы, Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі сот төрағасы, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының, сондай-ақ Астана қаласы әкімдігінің психикалық денсаулық орталығының өкілдері баяндама жасап, салааралық үйлестірудің маңыздылығына тоқталды.
Қатысушылардың ортақ пікірі — агрессорларға тек әкімшілік немесе қылмыстық жаза қолданумен шектелмей, міндетті психокоррекциялық шаралар арқылы мінез-құлқына оң әсер ету керек. Бұл ретте психологтар мен психотерапевттердің кәсіби жұмысы — зорлық-зомбылықтың қайталануын болдырмаудың басты тетігі.
Отырыстың қорытындысы ретінде тұрмыстық құқықбұзушыларға психокоррекция шараларын қолдану бойынша әдістемелік ұсынымдар мен соттарға өтінішхаттың үлгі нысанын әзірлеу, сондай-ақ осы бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жолға қою ұсынылды.
«Агрессорды түзеу арқылы ғана отбасында бейбіт өмір орнатуға болады. Барлығымыз осы маңызды мәселені шешуге жұмыла атсалысуымыз қажет», — деп түйіндеді кездесуді ұйымдастырушылар.