Астанада жедел-профилактикалық іс-шаралардың қорытындылары шығарылды

Астанада жедел-профилактикалық іс-шаралардың қорытындылары шығарылды

Заңсыз көші-қонның алдын алу, шетелдік азаматтардың көші-қон заңнамасын сақтауын бақылау және қала аумағында заңсыз жүрген тұлғаларды анықтау мақсатында Астанада «Нелегал» және «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шаралары өткізілді.
Іс-шара аясында елордалық полицейлер шетелдік азаматтардың жиі тұратын және жиналатын орындарында рейдтер жүргізді. Сондай-ақ көші-қон заңнамасын бұзушыларды анықтау мақсатында қоғамдық тамақтану орындары мен халыққа қызмет көрсететін мекемелер тексерілді.
Нәтижесінде көші-қон заңнамасын бұзған 260-тан астам шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың ішінде 27 мигрант рұқсат құжаттарынсыз аула сыпырумен айналысқаны үшін полицияға жеткізілді, 17 адам елден шығарылды, 10 шетелдікке айыппұл салынды, сондай-ақ 3 заңды тұлға шетелдік жұмыс күшін рұқсатсыз пайдаланғаны үшін жауапқа тартылды.
Көші-қон қызметінің қызметкерлері жұмыс берушілер мен шетелдік азаматтар арасында көші-қон заңнамасының нормалары мен еңбекке рұқсат алу тәртібін түсіндіру бойынша алдын алу жұмыстарын жүргізді.
Астана қалалық Полиция департаменті азаматтар мен қала қонақтарын заң талаптарын сақтауға және шетелдік жұмыс күшін белгіленген тәртіппен рәсімдеуге шақырады.