Алматыда «Қауіпсіз жол» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында мопед жүргізушілері арасындағы тәртіп бұзушылықты анықтау бойынша жүйелі жұмыс жалғасуда.
Осылайша, рейдтік шаралардың бірінде полиция қызметкерлерінің тоқтау туралы заңды талаптарын елемей, қашуға әрекеттенген мопед жүргізушісі ұсталды. Патрульдік полиция қызметкерлерінің жедел әрекетінің арқасында тәртіп бұзушы ұсталып, полицияға жеткізілді. Сот шешімімен ол 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.
Алматы қалалық ПД Жергілікті полиция қызметі Басқармасы бастығының орынбасары Тимур Ноғайбаев айтып өткендей, мопедтердің жұмысын реттейтін жаңа талаптар күшіне енгеннен бері полиция қызметкерлері мақсатты профилактикалық және бақылау шараларын жүргізіп келеді.
«5 сәуірден бері түрлі жол қозғалысы ережелерін бұзған 1,5 мыңнан астам мопед жүргізушілері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 500-ден астам көлік мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылды. Басты мақсат - жазалау емес, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтық санасы мен Заңды құрметтеуді дамыту», - деді, Тимур Ноғайбаев.
Алматы полициясы, мопедті тіркеусіз, тиісті санаттағы жүргізуші куәлігінсіз, сақтандырусыз, қорғаныс құралдарынсыз, техникалық байқаусыз жүргізу әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салады. Мопед жүргізушілері апаттық жағдай туғызатын, жол белгілерін, бағдаршамдарды, маневр жасау ережелерін бұзған жағдайларға ерекше назар аударылады.
Заң және Тәртіп - қауіпсіз қаланың негізі болып табылады.
Ережелерді сақтау - әрбір жол қозғалысына қатысушының міндеті.