Жедел-іздестіру іс-шаралары аясында полиция қызметкерлері 20 жастағы Алматы қаласының тұрғынын анықтады және ұстады. Ол үшінші адамдардың атына бірнеше рет олардың хабарынсыз шағын несие рәсімдеген деген күдікпен ұсталды.
Киберқылмысқа қарсы күрес Басқармасының мәліметінше, жауап алу кезінде жас жігіт өз кінәсін мойындап, мұндай әрекетті 25 реттен астам жасағанын айтты.
Эпизодтардың бірі қаскөйдің әрекетінен зардап шеккен қала тұрғынының арызы негізінде қылмыстық іс қозғауға себеп болды.
Күдікті қажетті тергеу әрекеттерін жүргізу үшін Алмалы аудандық полиция бөліміне жеткізілді.
«Заманауи технологиялар қылмыскерлерге жаңа құралдар береді, бірақ полиция да оларға қарсы әрекет ету әдістерін белсенді түрде жетілдіруде. Мұндай қылмыстар жазасыз қалмайды», - деді, Алматы қалалық ПД Киберқылмысқа қарсы күрес Басқармасының бастығы Әнес Қалдыбаев.
Полиция азаматтарға ескертеді: жеке деректеріңізді, әсіресе желіде бөліскен кезде абай болыңыз.
Қаржылық шоттарыңызды тексеріңіз, банктер мен микроқаржы ұйымдарынан келетін хабарламаларды қосыңыз.
Күдікті әрекет болған жағдайда дереу полицияға хабарласыңыз.