Алматыда «Қауіпсіз жол» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жол қозғалысы ережелерін бұзу деректерінің алдын алу бойынша белсенді жұмыстар жалғасуда.
Медеу ауданының аймағында әкімшілік полиция қызметкерлері тұрғындарға жолдан өту ережелерін сақтаудың маңыздылығын еске салып, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Жаяу жүргіншілерге жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері мен құқық бұзушылықтың салдары түсіндірілген жадынамалар таратылды. Алдын алумен қатар, полиция қызметкерлері, жасөспірімдер мен жастардың рұқсат етілмеген жерлерден жол бөлігін кесіп өту деректерін тіркеді.
«Жаяу жүргінші – жол қозғалысының толыққанды қатысушысы. Ал оның жолдағы жүріс-тұрысына біраз нәрсе байланысты. Біз қауіпсіз жүріс-тұрыс мәдениетін қалыптастырып, жолдың қателікті кешірмейтінін еске саламыз. Қауіпсіздік әркімнің өзінен басталады», - деді, Медеу аудандық ПД ӘПБ бастығы Арман Усаев.
Алматыда жыл басынан бері жаяу жүргіншілердің қатысуымен 700-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Статистикаға сүйенсек, көп жағдайда тәртіп бұзушылар - жаяу жүргіншілер болып шығады. Олар жолды дұрыс емес жерден кесіп өтіп, гаджеттерді пайдаланып, бағдаршамды елемейді.
Алматы полициясы, жол қозғалысы ережелерін сақтау - формальдылық емес, әрбір адам үшін қауіпсіздік кепілі екенін еске салады.
«Қауіпсіз жол» ЖАІ аясындағы жұмыстар жалғасын табады.