Алматы полициясына экскурсия: жас мектеп оқушыларына - азаматтық жауапкершілік сабағы

Алматы полициясына экскурсия: жас мектеп оқушыларына - азаматтық жауапкершілік сабағы

«Жасөспірім» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Алматы қаласы Медеу ауданындағы мектеп оқушылары үшін полиция Департаментіне танымдық экскурсия ұйымдастырылды.
Жас алматылықтар полиция Мұражайын аралап, ІІО-ның бай тарихымен және ондаған жылдар бойы қоғамдық тәртіп пен заңдылықты қамтамасыз етуге қосқан үлесімен танысты.
Балалар ішкі істер органдарының дамуына, қызметкерлердің ерліктеріне, сондай-ақ заманауи жетістіктерге арналған экспонаттарды қызығушылықпен тамашалады.
Экскурсияның ең есте қалатын сәттерінің бірі, Алматы полициясының жүрегі – Жедел басқару Орталығына бару болды. Мұнда 102 желісі арқылы азаматтардан түскен сигналдар тәулік бойы қабылданып, өңделеді, патрульдік және төтенше жағдайлар қызметінің жұмысы үйлестіріліп, бейнебақылау арқылы қаладағы жағдай бақыланады.
«Мұндай іс-шаралар өскелең ұрпақтың бойында азаматтық жауапкершілік сезімін, заңға деген құрмет пен полицияға деген сенімін қалыптастыруға бағытталған. Біз балалардың өз құқықтарын біліп қана қоймай, Заңды сақтаудың маңыздылығын түсіндіруге тырысамыз. Полицияны іштей танып-білу мектеп оқушыларының бойында дұрыс бағыт-бағдар қалыптастыруға және олардың құқықтық санасын нығайтуға септігін тигізеді», - деді, Медеу аудандық полиция Басқармасының бастығы Ілияс Өмірсеріков.
Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу тек көшедегі жұмыс емес, диалог, сенім және тәрбие. Полицияға экскурсия мектеп оқушылары үшін нағыз жаңалық және мүмкін, олардың болашақ мамандық таңдауына шабыт болды.