«Қауіпсіз жол» және «Жасөспірім» республикалық жедел-профилактикалық іс-шаралары аясында Алматы қалалық полиция Департаментінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге жұмылдырылған біріктірілген күштердің бірыңғай саптүзеуі өтті.
Іс-шара полиция Департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Арыстанғани Заппаровтың жетекшілігімен өтті.
Жиналған қызметкерлерге Мемлекет Басшысының «Заң және тәртіп» қағидаты аясында, сондай-ақ Ішкі істер Министрінің «Профилактика жылы» аясында алға қойған негізгі міндеттерін еске салды.
Жол-көлік оқиғаларының алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмысты болдырмау, жалпы алғанда қоғамдық қауіпсіздікті нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылуда.
«Алматы полициясы Елбасы айқындап берген басым бағыттарға сай жұмыс істейді. Заң және тәртіп – біздің жұмысымыздың негізі. Біз уақыт талабына жедел әрі кәсіби ден қоюға міндеттіміз. Әрбір полиция қызметкері азаматтардың қауіпсіздігіне жауапты. Бүгінгі күні қызметтік борышын адал атқарып жүргендерге алғыс айтамын», - деді, полиция Департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Арыстанғани Заппаров.
Шара барысында қала көшелеріндегі тәртіпті күнделікті қамтамасыз етіп жүрген патрульдік полиция және басқа да қызметтердің ерекшеленген қызметкерлерін салтанатты марапаттау рәсімі өтті.
Алматы тұрғындарының тыныштығы үшін кез келген жағдайда тәулік бойы қызмет ететіндер осылар.
Бірыңғай саптүзеу жеке құрамның бірлігі мен жүктелген міндеттерді орындауға дайындығын көрсетіп, ішкі істер органдарының кешенді профилактикалық жұмысының маңызды бөлігіне айналды.