Қала тұрғындарының жайлы және қауіпсіз өмір сүруінің және қонақтардың оңтүстік астанада болуының маңызды факторы – жол қауіпсіздігі.
Алматыда күніне 1 миллионнан астам көлік жүреді, оның ішінде қала сыртынан келетін көліктер де бар.
Қаладағы жазатайым оқиғаларға тұрғындардың, әлемдегі көптеген шаһарлардағы сияқты, көліктердің баламалы түрлерін – мопедтер мен электрсамокаттарды пайдалануы әсер етті.
«Сіз күн сайын қалада олардың санының күннен-күнге артып келе жатқанына куә болып отырғаныңызға сенімдімін. Мопед жүргізушілері жол қозғалысы ережелерін жиі бұзады, бұл жол-көлік оқиғаларының көбеюіне әкеледі. Мысалы, мопед жүргізушілері жаяу жүргіншілер мен көлік жүргізушілеріне қауіп төндіретін “кенеттен тежеу” сияқты қауіпті маневрлерді жиі жасайды. Көптеген мопед пен самокат иелерінің арасында тәртіп пен мәдениеттің жоқтығы мәселені одан әрі ушықтыра түседі, өйткені олар қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтамайды, бұл жолдардағы апаттар мен жарақаттарға әкеледі», - деді, Алматы қалалық ПД Жергілікті полиция қызметі Басқармасының бастығы Серік Шумаев.
Өткен жылы Алматыда мопедтердің қатысуымен 1 мың 084 жол-көлік оқиғасы орын алып, соның салдарынан 1 мың 098 адам зардап шекті, тағы 17 адам қаза тапты. Самокаттардың қатысуымен 140 ЖКО орын алып, нәтижесінде 3 адам қаза тауып, 146 адам жарақат алды.
Сонымен қатар, 44 мыңнан астам мопед жүргізушілері әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 1 мың 700-ден астам мопед мамандандырылған айыппұл тұрағына орналастырылды.
Қоғамда «Заң және Тәртіп» қағидатын нығайту және еліміздің ірі шаһарындағы жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету аясында, біз, барлық жерде мопед иелеріне көлік құралдарын тіркеу және жол қозғалысы қауіпсіздігі ережелерін сақтау қажеттігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.
«Өткен жылы «Жол қозғалысы туралы» заңға өзгертулер енгізілді. Негізгі мақсат – мопедтерді пайдалануды реттеу. Енді мопед жүргізушілері жол қозғалысының толыққанды қатысушылары болып табылады және оларға барлық заң талаптары қолданылады. Осыған орай, мопед жүргізушілеріне мопедтерін тіркеп, «А1» санатындағы жүргізуші куәлігін алу қажеттігін тағы бір рет еске салғым келеді. Ағымдағы жылдың 5 сәуірінен кейін көлік құралдарын уәкілетті органда тіркемеген және «А1» санатындағы жүргізуші куәлігінсіз мопед тізгіндеген мопед жүргізушілері әкімшілік жауапкершілікке тартылады», - деді, Серік Шумаев.