Алматы полициясы: шетелдіктер қылмысты жиі жасай бастады

Алматы полициясы: шетелдіктер қылмысты жиі жасай бастады

Алматы көші-қон қызметінің мәліметінше, жыл басынан бері қалаға 23 мыңға жуық шетел азаматы келген.
«Алматы - инфрақұрылымы дамыған, жергілікті қонақжайлылық дәстүрлерінің мәдениеті бар шаһар, сондықтан алыс және жақын шетелдерден келген шетелдіктер үшін тартымды. Көші-қон ағыны жыл сайын артып келеді. Бұл экономикаға оң әсерін тигізгенімен, жалпы қылмыстық жағдайға кері әсерін тигізуде: құқықбұзушылық саны өсуде. Ауыр қылмыстар да жасалуда. Мәселен, Алматының Түрксіб ауданында шетел азаматы өзінің танысын өлтірген. Ал, Медеу ауданында Үндістан мен Пәкістанның екі азаматы синтетикалық есірткі шығаратын зертхана ұйымдастырған. Шетелдік студенттердің қатысуымен болатын төбелестер де көптеп кездеседі», - деді, Алматы қалалық ПД Көші-қон қызметі Басқармасының бастығы, полиция полковнигі Асхат Бутунчинов.
Сонымен қатар, баяндамашы, Алматыда ҚР-ның көші-қон заңнамасын бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу мақсатында тұрақты негізде жедел-профилактикалық іс-шаралар жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Жыл басынан бері Қазақстанның көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 8 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылса, оның 4 мыңға жуығы шетел азаматтары.
Сот шешімімен 682 шетелдік елден шығарылды.
Алматы полициясы Қазақстанға келетін шетел азаматтарына үндеу жолдап, Қазақстан Республикасының заңнамасын қатаң сақтау қажеттігін еске салады.