Салдары күлкілі емес

Салдары күлкілі емес

2024 жылдың 6 сәуірінде Алматыда «Достық Плаза» сауда орталығының «Синемакс» кинотеатрының күзет қызметкері А.Соломатин СО аумағында бір-бірімен жарылғыш құрылғы туралы сөйлескен екі күдікті ер адамды байқаған.
Бұл дерек туралы дереу қалалық төтенше жағдайлар қызметіне хабарланып, аталған адамдар ұсталды.
Сауалнама барысында бұл адамдар «Синемакс»кинотеатрының жанында 3-қабатта тұрып, «менің бомбам қайда?», «бомбаны қайда қоямыз?» деп әзілдеп айтқаны анықталды. Сол маңда кездейсоқ болған күзет қызметкері А.Соломатин қырағылық танытып, естіген күдікті әңгімесін басшыларға жеткізген.
Бұл деректің жалған болып шыққанына қарамастан, сауда орталығының қауіпсіздік қызметі мен полиция қызметкерлерінің әрекеті лаңкестік сипаттағы ықтимал қауіп-қатерге қалалық төтенше жағдайлар қызметінің әзірлігін көрсетті.
Ұсталған азаматтарға қатысты ҚР ӘҚбК-нің 434-бабының 1-бөлігі («Ұсақ бұзақылық») бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Қауіпсіздік қызметкерінің қырағылығын сауда орталығының басшылығы елеп, ризашылықтарын білдірді.