Жергілікті полиция қызметінің іздестіру бөлімшесі хабарлағандай, Алматы облысы, Қарасай аудандық сотының шешімімен «Лада» маркалы автокөлігінің жүргізушісінің жүргізуші куәлігі оның үш миллион теңге көлеміндегі алимент бойынша берешегі болуына байланысты уақытша тоқтатылды.
«Алайда құқық бұзушы сот шешімін елемей, көлікті басқаруды жалғастырған. Оның көлігі «Қорғау – Қауіпті жүргізуші» автоматтандырылған жүйесі арқылы жалпы көлік ағынында анықталды. Полиция «Лада» көлігін мамандандырылған айыппұл тұрағына қойған. Жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚбК-нің 612 бабы 2 бөлігі бойынша хаттама толтырылды», - деді, Алматы қалалық ПД жергілікті полиция қызметі Басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Серік Шумаев.
Сондай-ақ, полицияда, «Құқықтық тәртіп» іс-шарасының 10 күнінің ішінде Алматы жолдарында көлік жүргізуге құқығы жоқ 197 жүргізуші ұсталғанын хабарлады.