Алматы полициясының Басшысы полицияның қызмет көрсету орталықтары қандай талаптарға жауап беретінін айтты

Алматы полициясының Басшысы полицияның қызмет көрсету орталықтары қандай талаптарға жауап беретінін айтты

 Бұл туралы қала тұрғындары алдында есеп берген Арыстанғани Заппаров мәлімдеді.
«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау бойынша, қала әкімдігінің қолдауымен, «Қолжетімді полиция» қағидатын жүзеге асыру мақсатында біз келесі шараларды қолға алып жатырмыз. Ағымдағы жылдың соңына дейін қаланың барлық аудандарында заманауи әрі жайлы полицияның қызмет көрсету орталықтарын ашу жоспарланып отыр, осылайша олардың саны сегізге жетеді. Онда полиция қызметін сапалы көрсетуге жағдай жасалынады. Азаматтарды қабылдауды процессуалдық шешім қабылдауға уәкілетті құзырлы қызметкерлер жүргізеді, мәліметтер базасына қолжетімділік қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, азаматтар полиция қызметіне қатысты барлық мәселелер бойынша толық түсініктеме ала алады. Мұнда медиаторлар мен психологтардың қызметі де ұйымдастырылатын болады», - деді, Арыстанғани Заппаров.
Спикердің айтуынша, осылайша полиция қызметін көрсету «үш деңгейлі үлгі» бойынша құрылады. Айырмашылық тек мақсатты аудиторияда болады.
«Бірінші топ – көшеде жүрген азаматтар. Басқаша айтқанда, өтіп бара жатқан адамдар. Олардың қауіпсіздігі мен ыңғайлылығы үшін модульдік полиция бекеттері құрылды. Қалада олардың саны 23. Екінші топ – шағын аудан тұрғындары. Оларға жұмыс орындары халық көп шоғырланған жерлерде орналасқан штаттық учаскелік полиция қызметкерлері қызмет көрсетеді, Алматыда олардың саны 102. Яғни, азаматтар тұрғылықты жері бойынша қауіпсіздік мәселелерін хабарлай алады. Үшінші топ – өтініш берушілер, зардап шеккендер, құқық бұзушылар және қызмет алушылар, осы адамдар үшін қызмет көрсету орталықтары ашылады», - деді, А.Заппаров.