Такси жүргізушісі жолаушыларды заңсыз тасымалдаған

Такси жүргізушісі жолаушыларды заңсыз тасымалдаған

 Оны Түрксіб аудандық көші-қон қызметінің қызметкерлері анықтады.
«Жергілікті іс-шара барысында Сейфуллин даңғылы мен Аймауытов көшесінің қиылысында, танымал ресурсқа тіркеліп, жолаушылар тасымалымен айналысқан Өзбекстан Республикасының азаматы 1995 жылы туған М.есімді азаматтың басқаруындағы «Шевролет» маркалы көлік тоқтатылды. Шындығында оның мұндай құқығы болмады. Шетелдік азаматқа қатысты ҚР ӘҚбК-нің 517-бабы 5-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды. Іс жүргізу материалдары шешім шығару үшін сотқа жіберілді. Сондай-ақ, жұмыс берушіге қатысты әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылып, оған ҚР ӘҚбК-нің 519-бабы 1-бөлігімен хаттама толтырылды. Сонымен қатар, Алматы қаласы бойынша мемлекеттік кірістер Департаментіне жолдау үшін ҚР ӘҚбК-нің 613-бабы 2-бөлігіне сәйкес жеке материал бөлінді. Көлік мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылды», — деді, Алматы қалалық ПД Көші-қон қызметі Басқармасының бастығы, полиция полковнигі Асхат Бутунчинов.
Сондай-ақ, спикер, Алматыда «Нелегал» іс-шарасының аяқталғанын хабарлады.
«8 күн ішінде көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 1 мың 229 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның 665-і шетел азаматтары. Сот шешімімен 70 шетелдік ҚР аумағынан шығарылды. Сонымен қатар, шетелдіктердің елімізде болуының заңдылығын қамтамасыз ету шараларын қолданбағаны үшін 531 отандасымыз әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Шетелдік жұмыс күшін тарту ережелерін бұзған 33 жұмыс берушіге айыппұл салынды. Құжатсыз жүрген 275 шетел азаматы жеке басын анықтағанға дейін ПД-нің қабылдап-таратуына орналастырылды», - деді, полковник Бутунчинов.