Алматының қоғамдық көліктерінде есірткіге қарсы профилактикалық ақпарат орналастырылады

Алматының қоғамдық көліктерінде есірткіге қарсы профилактикалық ақпарат орналастырылады

Алматы қаласы Полиция департаментінде есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу бойынша кеңестің отырысы өтті. Жиынға Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің, Есірткіге қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық штабтың өкілдері және Кеңес мүшелері қатысты.

Отырысты Алматы қаласы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Қуатбек Науатов Қазақстан Республикасы ІІМ Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл комитеті басқармасының бастығы, полиция полковнигі Бақытжан Әмірхановпен бірлесіп өткізді.

Жиын барысында Кеңестің атқарған жұмыстары, жүзеге асырылған профилактикалық бастамалар және есірткі қылмыстарының алдын алу бағытындағы алдағы міндеттер талқыланды.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі – халық арасында профилактикалық және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту. Осыған байланысты Алматы қаласының қоғамдық көліктерінің салонында есірткіге қарсы ақпараттық плакаттар орналастыру бастамасы қаралды.

Қоғамдық көлік қала тұрғындарына есірткі қолданудың зардаптары, есірткі құқық бұзушылықтары үшін жауапкершілік және салауатты өмір салтының маңызы туралы тұрақты түрде ақпарат беруге мүмкіндік беретін қосымша алаң ретінде қарастырылуда.

Сонымен қатар Кеңес құрамын жаңарту және оның жұмысына мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың және басқа да мүдделі құрылымдардың жаңа өкілдерін тарту туралы шешім қабылданды. Бұл ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтіп, нашақорлықтың алдын алу бағытында түрлі салалардың мүмкіндіктерін тиімді біріктіруге мүмкіндік береді.

Отырыс барысында Кеңестің жаңа мүшелеріне куәліктер табысталды. Сондай-ақ барлық қатысушыларға Кеңес эмблемасы бейнеленген естелік төсбелгілер берілді. Бұл төсбелгі ортақ мақсат пен жауапкершіліктің, сондай-ақ есірткіге қарсы бастамаларды қолдаудың белгісі ретінде табысталды.

Жиын қорытындысы бойынша алдағы жұмыстың басым бағыттары айқындалды. Олардың қатарында ведомствоаралық өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру, практикалық бағыттағы профилактикалық іс-шараларды өткізу, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын кеңейту және түрлі салалардың белсенді өкілдерін есірткіге қарсы бастамаларға тарту бар.