Электросамокаттарға қойылатын жаңа талаптар: Алматы полициясы бірлескен рейдтерді бастады

Электросамокаттарға қойылатын жаңа талаптар: Алматы полициясы бірлескен рейдтерді бастады

Бүгін электросамокаттарды пайдалану тәртібін реттейтін заңнамаға енгізілген өзгерістер күшіне енді. Осыған байланысты Алматы қаласының Полиция департаменті жаңа талаптарды іс жүзінде жүзеге асыруға кірісті.

Қала аумағында патрульдік полиция экипаждары мен кикшерингтік компаниялар өкілдерінің қатысуымен бірлескен рейд ұйымдастырылды. Сервис өкілдері патрульдік экипаждардың құрамына тікелей енгізіліп, жолдағы жағдайды сол жерде бақылауға, проблемалық мәселелерді анықтауға және өз құзыреті шегінде жедел шара қабылдауға мүмкіндік алды.

Рейдтің алғашқы бір сағатында полицейлер 50-ден астам құқық бұзушылықтың жолын кесті.

Бұл ретте негізгі назар тек құқық бұзушылықтарды анықтап, жолын кесуге ғана емес, профилактикалық жұмыстарға, жаңа талаптарды түсіндіруге және электросамокаттарды пайдалануға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға да бағытталған.

Алматы қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары Ғалым Сарғұлов атап өткендей, ең алдымен азаматтардың электросамокаттың да жол қозғалысына қатысушы екенін түсінуі маңызды.

«Басты мақсатымыз – электросамокаттың жол қозғалысына қатысушы екенін және оны пайдалану жауапкершілік пен қауіпсіздікті талап ететінін түсіндіру. Полиция мен кикшерингтік компаниялардың күш-жігерін біріктіру проблемалық жағдайларға жедел ден қоюға, сондай-ақ электросамокат пайдаланушылары, жаяу жүргіншілер мен жол қозғалысының басқа да қатысушылары үшін қозғалысты барынша қауіпсіз етуге мүмкіндік береді деп сенеміз», – деді Ғалым Сарғұлов.