
Алматыда жаңа оқу жылы қарсаңында Әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері оқушыларды тасымалдауға жұмылдырылатын мектеп автобустарына жыл сайынғы тексеру жүргізді.
Жалпы саны 300-ден астам автобус тексерілді. Тексеру барысында көліктердің техникалық жағдайына, қауіпсіз пайдалануға дайындығына, қажетті құжаттарына және жүргізушілердің кәсіби даярлығына ерекше назар аударылды.
Тексерудің негізгі мақсаты – балаларды тасымалдауға техникалық ақауы бар көліктер мен белгіленген талаптарға сай келмейтін жүргізушілерді жібермеу.
«Балаларды тасымалдау кезіндегі қауіпсіздік – басты міндеттердің бірі. Оқу жылы басталар алдында мектеп оқушыларын күн сайын тасымалдайтын әр автобустың техникалық жағдайы талапқа сай екеніне, ал жүргізушілер өз міндеттерін жауапкершілікпен атқаруға дайын екеніне көз жеткізуіміз қажет. Мұндай тексерулер жүйелі түрде жүргізіледі. Қауіпсіздік талаптарының сақталуына бақылау оқу жылы бойы жалғасады», – деді Алматы қаласы ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Әбдінұр Тасыбаев.
Тексеру нәтижесінде анықталған бұзушылықтар белгіленген тәртіппен жойылады. Балаларды ұйымдасқан түрде тасымалдау қауіпсіздігіне бақылау жалғаса береді.