Алматының бас полицейі «Жас сақшының» алғашқы түлектеріне сертификат табыстады

Алматының бас полицейі «Жас сақшының» алғашқы түлектеріне сертификат табыстады

Алматы қаласындағы №87 жалпы білім беретін мектеп базасында құрылған «Жас сақшы» полиция сыныптарының алғашқы түлектеріне арналған салтанатты рәсім өтті.

Жас ұрпақтың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, тәртіп пен патриоттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған жоба бүгінде өз нәтижесін беріп отыр. Мамандандырылған полиция сыныптарында білім алған алғашқы түлектер сертификаттарға ие болды.

Салтанатты шараға Алматы қаласы Полиция департаментінің бастығы Айдын Кабдулдинов қатысып, түлектерге сертификаттарды табыстады. Өз сөзінде ол жобаның өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі маңызына тоқталып, жастарға ізгі тілегін жеткізді.

"Бүгін сіздер – «Жас сақшы» жобасының алғашқы түлектерісіздер. Бұл тек мәртебе ғана емес, үлкен жауапкершілік пен өзгелерге үлгі болу деген сөз. Мектеп қабырғасынан бастап заңдылықты, тәртіпті және қоғамға қызмет етуді таңдауларыңыз – құптарлық қадам. Болашақта араларыңыздан құқық қорғау саласының білікті мамандары шығатынына сенімдімін", – деді Айдын Кабдулдинов.

Қазіргі таңда Алматы қаласында «Жас сақшы» жобасы аясында 15 полиция сыныбы жұмыс істейді. Мұнда оқушылар негізгі біліммен қатар заңға құрмет, азаматтық жауапкершілік, патриотизм және қоғамдық тәртіпті сақтау секілді маңызды құндылықтарды бойына сіңіреді.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан жоба саналы азаматтарды тәрбиелеуге және болашақ құқық қорғаушылардың жаңа буынын қалыптастыруға бағытталған.