«Балаңыздың дәл қазір қайда жүргенін білесіз бе?» – Алматы полициясының түнгі рейдтері мен күтпеген қоңыраулары

«Балаңыздың дәл қазір қайда жүргенін білесіз бе?» – Алматы полициясының түнгі рейдтері мен күтпеген қоңыраулары

Алматы қаласында ересектердің қарауынсыз түнгі уақытта көшеде жүрген кәмелетке толмағандарды анықтауға бағытталған профилактикалық рейдтік іс-шаралар күшейтілді.

Осындай тексерулердің бірі барысында полиция қызметкерлері кеш уақытта көшеде жүрген жасөспірімдерді анықтады. Тәртіп сақшылары профилактикалық әңгіме жүргізіп, заң аясындағы шараларды қолданумен ғана шектелмей, кәмелетке толмағандардың ата-аналарымен телефон арқылы бірден байланысқа шықты. Әңгімелесу барысында оларға орын алған жағдай түсіндіріліп, балалардың қауіпсіздігіне қатысты жауапкершілік еске салынды.

Мұндай жұмыс тәсілі балалардың түнгі уақытта қараусыз жүру деректеріне жедел ден қоюға ғана емес, ата-аналарды бақылау мен тәрбие мәселелеріне тікелей тартуға мүмкіндік береді.

Алматы қаласы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаевтың айтуынша, әрбір ата-ана баласының қайда және кіммен жүргенін нақты білуі тиіс.

«Әсіресе түнгі уақытта баланың жүрген жері ата-ананың тұрақты бақылауында болуы керек. Түнгі көше – қауіп-қатер деңгейі жоғары орта. Біздің мақсатымыз – жазалау емес, болуы мүмкін келеңсіз жағдайлардың алдын алу және осындай тікелей байланыс арқылы ересектердің жауапкершілігін арттыру. Бұл мәселеге немқұрайлы қарауға болмайды», – деді Тимур Ноғайбаев.

Алматы полициясы ата-аналарды балаларының бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, олардың жүрген жері мен араласатын ортасына ерекше көңіл бөлуге шақырады. Әсіресе кешкі және түнгі уақытта балалардың қауіпсіздігі әрдайым басты назарда болуы тиіс.