Алматы полициясы «тар мойын» қағидатының мәнін түсіндірді

Алматы полициясы «тар мойын» қағидатының мәнін түсіндірді

Алматы қаласында жол қозғалысы қағидаларын бұзудың алдын алуға бағытталған ең тиімді әрі қауіпсіз әдістердің бірі – кәсіби ортада «тар мойын» қағидаты деп аталатын сүзгілік бақылау бекеттері тәжірибеде кеңінен қолданылып келеді.

Аталған тәсілдің ерекшелігі – көлік ағынын жасанды түрде тарылту арқылы жол жағдайын бақылауға мүмкіндік беруінде. Бұл өз кезегінде жол-көлік оқиғаларының туындауына себеп болуы мүмкін қауіпті жағдайлардың, қуу әрекеттерінің және қауіпті маневрлердің алдын алады. Сонымен қатар, барлық көлік құралдары жаппай тоқтатылмайды. Полиция қызметкерлері алдымен жүргізушілер мен көліктерге визуалды бақылау жүргізіп, тек қажетті жағдайда ғана нысаналы тексеру шараларын жүзеге асырады.

Алматы қаласы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Әбдінұр Тасыбаевтың айтуынша, бұл жұмыс форматы ең алдымен құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.

«Сүзгілік бақылау бекеттері – жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған тиімді профилактикалық құрал. Мұндай тәсіл көлік легін реттеуге мүмкіндік беріп қана қоймай, полиция қызметкерлеріне жүргізушілер мен көлік құралдарының жай-күйін көзбен шолып бағалауға жағдай жасайды», – деді ол.

Оның сөзінше, негізгі міндет – жол қозғалысына қауіп төндіруі мүмкін жүргізушілерді анықтау. Олардың қатарында мас күйінде көлік жүргізетіндер, қажетті құжаттары жоқ азаматтар немесе техникалық ақауы бар көлік құралдарын басқаратын тұлғалар бар.

«Біздің басты мақсатымыз – жазалау емес, құқық бұзушылықтардың алдын алу. Қауіпті жүргізушінің қозғалысын жалғастырып, өзге жол қозғалысына қатысушыларға қауіп төндіруіне жол бермеуге күш саламыз», – деп атап өтті Әбдінұр Тасыбаев.

Полиция сүзгілік бақылау бекеттері жазалау шарасы емес екенін ерекше атап өтеді. Бұл, ең алдымен, қала көшелеріндегі қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған профилактикалық тетік.

Аталған әдіс өзінің тиімділігін тәжірибе жүзінде дәлелдеп үлгерді және мегаполистегі қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды құрамдас бөлігі болып қала береді.