
Алматыда көші-қон заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды анықтауға және жолын кесуге бағытталған «Келімсек-2026» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытындысы шығарылды.
Бес күнге созылған іс-шара барысында көші-қон заңнамасын бұзған 1 176 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен 225 шетел азаматы Қазақстан Республикасының аумағынан шығарылды.
Атап айтқанда, мегаполис аумағында болу қағидаларын бұзған 830 шетелдік жауапқа тартылды. Сондай-ақ шақырған азаматтарының елімізде заңды түрде болуын қамтамасыз ету жөнінде шара қабылдамаған 273 қабылдаушы тұлғаға қатысты әкімшілік шаралар қолданылды. Бұдан бөлек, шетелдік жұмыс күшін тарту тәртібін бұзған 73 жұмыс беруші анықталды.
Іс-шара барысында мемлекетаралық іздеуде жүрген үш шетел азаматы анықталып, ұсталды.
Заңсыз көші-қон арналарының жолын кесуге ерекше назар аударылды. Аталған фактілер бойынша заңсыз келу мен болуды ұйымдастыру деректері бойынша үш қылмыстық іс қозғалды.
Сонымен қатар, бұған дейін сот шешімімен ел аумағынан шығарылған 57 шетел азаматы мәжбүрлі түрде өз елдеріне қайтарылуда.
Алматы қаласы Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Еркін Амантаев атқарылып жатқан жұмыстардың жүйелі әрі профилактикалық сипатқа ие екенін атап өтті.
«Біздің негізгі мақсатымыз – құқық бұзушылықтарды анықтау ғана емес, көші-қон саласындағы заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз ету. Бұл – ең алдымен қауіпсіздік, бақылау және заң талаптарының баршаға бірдей сақталуы мәселесі. Біз заң бұзушыларды ғана емес, олардың елімізде заңсыз болуына ықпал ететін тұлғаларды да анықтап, жауапкершілікке тарту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз. Олардың қатарында қабылдаушы тараптар да, жұмыс берушілер де бар», – деді полиция полковнигі Еркін Амантаев.
Оның айтуынша, заңсыз көші-қон арналарының жолын кесу – жұмыстың басым бағыттарының бірі.
«Мұндай әрбір дерек жай ғана әкімшілік құқық бұзушылық емес, қоғамдық қауіпсіздікке төнуі мүмкін қатердің белгісі. Сондықтан біз мұндай заңсыз схемалардың жолын түбегейлі кесіп, кінәлі тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке дейін тарту қағидатын ұстанамыз», – деп түйіндеді спикер.