
Алматы қаласында полиция қызметкерлері азаматтың өмірін сақтап қалып, қайғылы жағдайдың алдын алды.
Оқиға туралы хабар кешкі уақытта «102» арнасына келіп түскен. Бостандық ауданындағы тұрғын үй кешендерінің бірінде ер адамның балконының сыртқы жағында, 16-қабат деңгейінде тұрғаны және кез келген сәтте құлап кету қаупі болғаны туралы хабарланған.
Оқиға орнына полиция қызметкерлері, оның ішінде «Буран-407» және «Буран-414» патрульдік экипаждары жедел түрде жетті.
Жағдайды бағамдаған тәртіп сақшылары азаматпен байланыс орнатып, оның назарын басқа жаққа аударуға және уақыт ұтуға тырысты. Қолайлы сәт туған кезде полиция қызметкерлері жедел әрекет етіп, ер адамды ұстап қалып, қауіпсіз жерге алып шығарды.
Бостандық аудандық полиция басқармасы жанындағы полиция бөлімінің жедел-криминалистикалық бөлімшесінің бастығы Айдын Әбілдің айтуынша, бұл сәтте әр секунд маңызды болған.
«Хабарлама “102” қызметі арқылы түсті. Біз дереу оқиға орнына жеттік. Ер адам балконның сыртқы жағында тұрғандықтан жағдай өте күрделі болды. Әріптестеріммен бірге онымен сабырлы түрде сөйлесіп, қандай да бір тосын әрекеттерге жол бермеуге тырыстық. Бір сәтте арақашықтықты қысқартып, жедел шешім қабылдау мүмкіндігі туды. Сол кезде оны қауіпсіз жерге алып шығардық», – деді ол.
Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам ауыр эмоциялық күйде болған. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталуда.
Полиция департаментінде атап өткендей, қызметкерлердің үйлесімді әрі кәсіби іс-қимылының арқасында адам өміріне төнген қауіптің беті қайтарылып, қайғылы салдардың алдын алу мүмкін болды.