Алматыда көшелерде есірткі дүкендерін жарнамалау арнасы жойылды

Алматыда көшелерде есірткі дүкендерін жарнамалау арнасы жойылды

Алматы қаласында есірткі құралдарының заңсыз айналымына қатысты интернет-ресурстарды көше қабырғаларына граффити түрінде жарнамалау фактілерінің жолы кесілді.

Полиция қызметкерлері заңсыз есірткі айналымымен байланысты интернет-сайттарды жарнамалайтын жазуларды салуға қатысы бар екі ер адамды ұстады.

Алдын ала мәлімет бойынша, олардың бірі мұндай әрекетке алғаш рет барған. Граффити орналастырғаны үшін оған тәулігіне 80 мың теңгеге дейін сыйақы уәде етілген. Болжам бойынша ұйымдастырушылармен байланыс ұялы телефон арқылы жүзеге асырылған.

Жедел іс-шаралар барысында жазуларды салуға пайдаланылған құралдар мен байланыс құралдары тәркіленді. Сонымен қатар заңсыз жарнамалар орналастырылған орындар анықталып, тіркеліп, кейіннен толықтай жойылды.

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Алматы қаласы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Батуржан Абдумасаровтың айтуынша, есірткі жарнамасын тарату – қылмыстық тізбектің ажырамас бөлігі.

«Кейбір азаматтар мұндай әрекетті бір реттік табыс көзі ретінде қабылдауы мүмкін. Алайда есірткі жарнамасын тарату арқылы олар заңсыз есірткі айналымына қатысушыға айналып, қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Біз мұндай фактілерді жүйелі түрде анықтап, жолын кесіп келеміз», – деді Батуржан Абдумасаров.

Алматы полициясы азаматтарды интернеттегі күмәнді «жеңіл табыс» ұсыныстарына сенбеуге және есірткі жарнамасын орналастыру деректері туралы құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырады.