Алматыдағы «Рубеж» бекеттерінде мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды

Алматыдағы «Рубеж» бекеттерінде мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды

Алматы қаласында биыл 19 мамырдан бастап жаңартылған форматта жұмысын бастаған «Рубеж» бекеттері өз тиімділігін көрсетіп келеді. Қаланың негізгі кіреберіс және шыға беріс бағыттарына орналастырылған сегіз бекет арқылы транзиттік қозғалысқа тәулік бойы бақылау жүргізілуде.

Жаңартылған жұмыс тәртібі енгізілген уақыттан бері шамамен бір жарым мың құқық бұзушылық анықталды.
Атап айтқанда, көлік құралдарының ауаға бөлетін зиянды қалдықтарының белгіленген нормадан асуына байланысты 500-ге жуық дерек тіркелді. Сонымен қатар, 88 жүргізуші көлік құралын тиісті құжаттарсыз басқарғаны үшін жауапкершілікке тартылды. Техникалық байқаудан өтпеген автокөліктерді пайдаланудың 125 фактісі анықталса, 61 жүргізуші сақтандыру полисінсіз көлік басқарған. Мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз жүрген 7 көлік құралы және қауіпсіздік белдігін тақпаған 122 жүргізуші анықталды.

Тексеру барысында заңсыз тасымалданған 111 тыйым салынған зат тәркіленді. Оның ішінде 109 суық қару (пышақтар мен кастеттер) және 2 атыс қаруы бар.

Алматы қаласы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Әбдінұр Тасыбаевтың айтуынша, «Рубеж» бекеттері жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, қоғамдық қауіпсіздікті нығайтудың маңызды құралына айналып отыр.

«Рубеж» бекеттері – қалаға кіретін бағыттардағы қауіпсіздік сүзгісі. Мұнда көліктердің техникалық жай-күйі де, заң талаптарын өрескел бұзу деректері де анықталады. Тыйым салынған заттарды тасымалдау фактілерінің жолын кесу арқылы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлес қосып келеміз, – деді Әбдінұр Тасыбаев.

Оның сөзінше, алдағы уақытта да бекеттердің жұмысы тұрақты түрде жалғасып, алдын алу шараларына басымдық беріледі.

"Басты мақсатымыз – жазалау емес, құқық бұзушылықтың алдын алу. Сондықтан жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін сақтауға, техникалық байқаудан уақытылы өтуге және көліктерінің техникалық жағдайына жауапкершілікпен қарауға шақырамыз. Бұл – заң талабы ғана емес, барлық жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігі үшін маңызды мәселе", – деді ол.