
Алматы қаласында полиция қызметкерлері есірткі заттарын заңсыз сақтау фактісінің жолын кесті.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдікті ұсталды. Оның жеке басын тінту кезінде және тұрғылықты мекенжайында каннабис сығындысы, марихуана мен гашиш секілді есірткі заттары табылып, тәркіленді.
Сонымен қатар электронды таразылар, вакуумды қаптамаға арналған құрылғылар мен буып-түю материалдары тәркіленді. Бұл заңсыз заттарды бөлшектеп орау және оларды әрі қарай тарату белгілерін көрсетеді.
Тәркіленген есірткі заттарының жалпы салмағы үш келіден асты.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын және есірткінің жеткізілу арналары болуы мүмкін бағыттарды анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Алматы қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Батуржан Абдумасаровтың айтуынша, заңсыз айналымнан ірі көлемдегі есірткі партиясы алынған.
«Заңсыз айналымнан ірі көлемдегі есірткі заттары тәркіленді. Арнайы буып-түю құралдарының болуы олардың таратылуға дайындалғанын көрсетеді. Мұндай фактілер ерекше бақылауда. Есірткі қылмыстарын анықтау және жолын кесу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Әрбір құқық бұзушылық бойынша жазаның бұлтартпау қағидаты қамтамасыз етіледі», – деді ол.