
Алмалы аудандық полиция басқармасының қызметкерлері суицидтің, құқық бұзушылықтардың алдын алу және өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға дер кезінде көмек көрсетуге бағытталған «Шатыр» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізуде.
Іс-шара аясында көпқабатты тұрғын үйлердің шатырлары, жертөлелері, кіреберістері және өзге де қауіп төндіруі мүмкін орындар ерекше бақылауға алынды.
Аталған аумақтарда жастардың бейберекет жиналуына жол бермеу, құқыққа қайшы әрекеттердің, оның ішінде есірткі заттарын қолдану деректерінің және өзге де құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында тексеру жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар полиция қызметкерлері пәтерлерді аралап, тұрғындармен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын өткізуде. Әсіресе жасөспірімдердің эмоционалдық жағдайына бейжай қарамау, жақындарының көңіл күйіндегі өзгерістерге назар аудару және қажет болған жағдайда дер кезінде көмекке жүгіну маңыздылығы түсіндірілуде.
Жұмыстар коммуналдық қызметтермен және өзге де уәкілетті органдармен бірлесіп атқарылуда. Негізгі мақсат — құқық бұзушылықтарға жағдай туғызатын факторларды жою, азаматтардың өмірі мен денсаулығына төнетін қауіптердің алдын алу.
Іс-шараның басты мақсаты – қайғылы жағдайлардың, соның ішінде суицид әрекеттерінің алдын алу, құқыққа қайшы әрекеттердің жолын кесу, сондай-ақ қауіпсіз қалалық орта қалыптастырып, тұрғындардың полицияға деген сенімін нығайту.
Алмалы аудандық полиция басқармасының бастығы Мақсат Пшанның айтуынша, профилактика – қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды бағыты.
«Біздің міндет – тек әрекеттен кейін шара қабылдау емес, оның алдын алу. Біз шатырларды, жертөлелерді, тұрғын үйлердің төбелерін тексеріп, жастар жиналуы мүмкін және құқық бұзушылықтар мен қайғылы оқиғалар қаупі бар орындарды бақылауға алып отырмыз. Суицидтің алдын алу мен жастардың заңсыз әрекеттерге тартылуына жол бермеуге ерекше назар аударылады. Әр тұрғын қауіпсіздік бір-біріне деген жанашырлық пен назардан басталатынын түсінуі қажет. Кез келген алаңдатарлық белгі байқалған жағдайда дер кезінде көмекке жүгінген жөн», – деді ол.