Алматыда тәртіп күшейтілді: көшедегі жабайы саудаға тосқауыл қойылуда

Алматыда тәртіп күшейтілді: көшедегі жабайы саудаға тосқауыл қойылуда

Алматы қаласында белгіленбеген орындардағы заңсыз сауданы анықтау және жолын кесу бағытындағы жұмыстар күшейтілді.

Негізгі мақсат – қаладағы санитарлық тазалықты қамтамасыз ету, экологиялық және әкімшілік заңнама талаптарының сақталуын бақылау, сондай-ақ тұрғындардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру.

Рейдтік және профилактикалық іс-шаралар мегаполистің барлық ауданында тұрақты түрде жүргізілуде. Полиция қызметкерлері әкімшілік аумақтарды аралап, заңсыз сауда деректерін анықтап, тиісті шаралар қабылдауда.

Заңсыз орнатылған стационарлық емес сауда нысандарының иелеріне қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы (абаттандыру қағидаларын бұзу) және 204-бабы (белгіленбеген орындарда сауда жасау) бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылуда. Сонымен қатар азаматтарға құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Уәкілетті органдармен бірлесіп заңсыз орналастырылған сауда нысандарын, сондай-ақ күш өлшейтін автоматтар, терминалдар, постоматтар және өзге де құрылғыларды демонтаждау жұмыстары жүзеге асырылуда.

Алматы қаласы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаевтың айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады.

«Заңсыз сауда – бұл тек заң талаптарын бұзу ғана емес, сонымен қатар қаланың санитарлық жағдайы мен тұрғындардың қауіпсіздігіне төнетін қатер. Біз мұндай құқық бұзушылықтардың жолын кесу жұмыстарын әрі қарай да күшейтіп, бақылау мен профилактиканы жүйелі түрде жалғастырамыз. Әрбір заң бұзушылық бойынша жауапкершіліктің бұлтартпау қағидаты қамтамасыз етіледі», – деді ол.

Аталған бағыттағы жұмыстар Алматы қаласы Полиция департаменті басшылығының тұрақты бақылауында және жүйелі негізде жалғасатын болады.