
Алматы қаласында полиция қызметкерлері қайғылы оқиғаның алдын алып, көпқабатты тұрғын үйдің балконынан секірмек болған әйелді құтқарып қалды.
Оқиға Достық даңғылы бойындағы тұрғын үйлердің бірінде орын алған. «102» арнасына хабарлама түскен сәттен бастап үш минут ішінде оқиға орнына полиция қызметкерлері жедел жетті.
Тексеру барысында әйелдің психологиялық тұрғыда ауыр күйде болғаны және ойланбай әрекет жасауға ниеттенгені анықталды.
Учаскелік инспекторлар – полиция майоры Р. Сақбай және полиция аға лейтенанты Б. Әукеннің жедел әрі үйлесімді әрекеттерінің арқасында қайғылы жағдайдың жолы кесілді. Қызметкерлер дер кезінде араласып, әйелдің қауіпсіздігін қамтамасыз етті.
Полиция аға лейтенанты Бағдат Әукен мұндай жағдайларда шешуші рөл тек жедел әрекетке ғана емес, сонымен қатар дұрыс диалог орната білуге байланысты екенін атап өтті.
«Ең бастысы – сәтті жіберіп алмау және адаммен байланыс орнату. Сабырмен, қысымсыз сөйлесу керек. Сонда ғана адам өзін қолдауда екенін сезінеді», – деді ол.
Полиция департаменті дағдарыстық жағдайларда бейжай қалмаудың маңыздылығын еске салады және дер кезінде көмекке жүгінуге шақырады.