
Алматы қаласында түнгі уақытта кәмелетке толмағандарды анықтауға бағытталған профилактикалық рейдтік іс-шара өткізілді. Шараның негізгі мақсаты – заңды өкілдерінсіз түнгі мезгілде үйден тыс жүрген, сондай-ақ ойын-сауық орындарында болған жасөспірімдерді анықтау.
Рейд барысында полиция бөлімшелеріне 47 кәмелетке толмаған жеткізілді. Олардың ішінде 10 өзге өңірден келген жасөспірім Балаларды қолдау орталығына орналастырылды.
Әсіресе компьютерлік клубтардың қызметіне ерекше назар аударылды. Тексеру нәтижесінде үш мекемеде кәмелетке толмағандардың сағат 22:00-ден кейін ересектердің қарауынсыз болғаны анықталды. Аталған орындардан барлығы 10 жасөспірім табылса, оның 6-ы басқа өңірлерден келген.
Анықталған деректер бойынша ойын-сауық орындарының иелеріне қатысты кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта болуына жол бергені үшін әкімшілік материалдар жинақталды. Сонымен қатар, балаларын тәрбиелеу және бақылау міндеттерін тиісінше орындамаған ата-аналар мен заңды өкілдер де жауапкершілікке тартылды.
Жалпы, рейд қорытындысы бойынша 38 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 4 дерек – кәмелетке толмағандардың ойын-сауық орындарында болуы бойынша, 34 дерек – жасөспірімдердің түнгі уақытта тұрғын үйден тыс жерде заңды өкілдерінсіз жүруі бойынша тіркелді.
Алматы қалалық Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаевтың айтуынша, мұндай іс-шаралар ең алдымен профилактикалық сипатқа ие.
«Біздің басты мақсатымыз – жазалау емес, құқық бұзушылықтардың алдын алу және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ересектердің бақылауынсыз жүруі олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Ата-аналарды балалардың қайда және кіммен жүргеніне жіті назар аударуға шақырамыз», – деп атап өтті ол.