Алматыда заңсыз сыра өндіретін жасырын цех жойылды

Алматыда заңсыз сыра өндіретін жасырын цех жойылды

Алматы қаласы Түрксіб ауданының полиция қызметкерлері «Алко-Стоп» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында алкоголь өнімдерін заңсыз өндіру дерегін анықтады.

Тексеру барысында жертөле ғимаратында орналасқан сыра өндіретін жасырын цех әшкереленді. Оқиға орнынан арнайы қайнату жабдықтары, дайын өнімнің ірі көлемі, сондай-ақ өндіріс процесінде пайдаланылатын ыдыстар мен шикізат табылды.

Заңсыз айналымнан шамамен 7 мың литр сыра, астыртын өндіріс құрал-жабдықтары, құюға арналған кегтер, шыны ыдыстар және алкоголь өнімдерін дайындауға арналған шикізат тәркіленді.

Аталған факті бойынша барлық мән-жайды жан-жақты анықтауға және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес процессуалдық шешім қабылдауға бағытталған тексеру іс-шаралары басталды.

Түрксіб аудандық Полиция басқармасының бастығы Думан Аухадиев бұл бағыттағы жұмыстардың тұрақты бақылауда екенін атап өтті.

«“Алко-Стоп” жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында алкоголь өнімдерін заңсыз өндіру дерегі анықталды. Жасырын цех әшкереленіп, жабдықтар мен дайын өнімнің ірі партиясы тәркіленді. Мұндай құқық бұзушылықтар ерекше бақылауда. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Полиция азаматтарға алкоголь өнімдерін заңсыз өндіру мен өткізудің заңмен көзделген жауапкершілікке әкелетінін ескертеді», — деді ол.